Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Қарағанды облысы

Ақтоғай театрының абыройы аласармайды

Ақтоғай театрының абыройы аласармайды

«Ажар мен ажал» спактаклі сахналанады

Сонау бір жылдары (шатаспасам 1997 жылдары болу керек) Ақтоғай халық театры О.Бодықовтың «Қайран Шәмші» спектаклін сахналады. Ол кезде менің қолым алдыма сыймай үйде бос жатқан кезім. Ара-тұра редакцияға соғып тұрам. Кезекті келгенімде Үмкең (Үмітай Жармағанбетов) «Әй, Мүсіркеп, сенбідегі «Қайран Шәмші» спектаклін көрдің бе?» деп сұрады. «Көрдім» деп едім, «Ту, жақсы болды ғой. Бізден ешкім бармапты. Жазып бере қойшы» деп, қарсылығыма қарамай қолқа салды. Сөйтіп «Қайран Шәмші» менің алғашқы жазған мақалам болған еді. Одан беріде Ақтоғай халық театры ондаған қойылымын көрерменге ұсынып, шығармашылық құрамы әлденеше ауысып та үлгерді. Бүгінгідей телеарна, ғаламтор секілді замана жетістіктерінің айдарынан жел есіп тұрған шақта театр өнеріне деген сұраныс пен қызығушылықтың кеміп бара жатқанын несін жасырамыз.

11 сәуір күні белгілі жазушы-драматург С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» спактаклі сахналанады дегенді естіп, театрды бетке алдық. Бара жатып санада «Көрермені қалай болады екен» деген дүдәмал ой тұрды. Баяғы сол қазақы салбөксе жайбасарлыққа салынып, сәл кешігіңкіреп барғанбыз. Мына қызықты қараңыз. Жайшылықта көрерменін сарылтып қоятын қойылым біз барғанда басталып кетіпті. Залда ине шаншар орын жоқ. Қойылымды түрегеліп тұрып тамашалауға тура келді.

Қойылым оқиғасы өткен ғасырдың бастапқы шеніндегі таптық қарама-қайшылықтарға құрылған. Желісі де сол классикалық әлдінің әлсізге көрсеткен озбырлығы, жетім-жесірдің зәбір көрген көз жасы.

Болыс Атан (Ж. Жакупов) мен оның серігі Қатай (Т. Жұмашев) жолашуылап келе жатып, айдала, жапан түзде жалғыз отырған соқыр кемпірдің  (А. Аманбаева) үйіне түседі. Оның арты үлкен шиеленіскен трагедияға айналады. Атан мен Қатайдың көздері соқыр кемпірдің толған айдай толықсып отырған немересі Ажарға (А.Есенгелдина) түсіп, масқаралап, арам ойларын жүзеге асырады. Нәтижесінде өмір сахнасына Олжатай (Б.Мәжит) шығады. Аты шулы 16 жыл. Қара тізімге іліккен Олжатай. Жалғызын солдатқа бергісі келмеген дәрменсіз ана. Қысасқа шыдамаған Ажар. Аттанның Ажардың қолынан тапқан ажалы. Қазан төнкерісі.  Ауылнай Ажарға жасалған қастандық. Шым-шытырық шиеленіске толы драманың ұзын-сонар арқауын қысқаша баяндағанда осылайша өріледі.

Бүкілодақтық және Республикалық байқаулардың лауреаты, КСРО Мемлекеттік Кіші театрының Алтын медалінің иегері «Ақтоғай» халық театрының даңқы мен дақпыртын алдынғы буын жақсы біледі. «Ажар мен ажалды» тамашалап, Ақтоғай театрының бүгіне мен ертеңі жарқын екендігіне көз жеткіздік. Актерлердің өз кейіпкерлерін сомдауы шынайы, нанымды. Біз де көрермен де «Театр мүшелерінің қай-қайысы болмасын арнайы білім алып, сахналық шеберлікті менгерген кәсіби актерлерден бір кем емес» деген ойға тоқтадық.

Театрдың жоғарыда аталған атақтарын алуға ат салысқан А. Аманбаева, Ж.Жакуповтардың өкшесін басып сахнаға шыққан Е.Рысбек, Ғ.Қожамбаев, Н.Жақанбаев, Н.Әлібек, С.Қожамбаева сынды әбден машықтанған өнерпаздармен әріптестік байланыста рольдерін сомдаған жас актерлер Т.Жұмашев, А.Есенгелді, Г.Амантайлар өздеріне артылған сенім үддесінен толық шықты. Көремен риза. Ел көзіне жас алып, сахна төріндегі оқиға ішінде өздері қоса жүргендей әсерге бөленді.

Қойылымды сахнаға дайындаған режиссері С.Тұяқбаевтың төккен тері мен еңбегі ақталды. Сол секілді қойылымның сәтті шығуына жарықпен, музыкамен көркемдеген Ә.Имашев, І.Ғайнолла, суртшісі Ө.Башбаев, көмекші-режиссер Ж.Жакуповтардың сіңірген еңбектерін де айрықша бағалаған абзал.

Қойылым аяқталды. Шымылдық жабылды. Алайда, ел қойылымнан алған әсерден біразға дейін арыла алмай отырды. Аудан әкімінің орынбасары А.Аманжолов, театр ардагері А.Шайбековтер өнер ұжымын құттықтап, сәттілік тіледі. Спектакльдің қоюшы режиссері С.Тұяқбаев пен мәдени бос уақыт өткізу орталығының директоры Н.Күлшікеновтер қойылымды сәтті сахналап алып шыққан әріптестеріне ризашылығын білдірді.

Жалпы, Ақтоғай өнерпаздарының жан-жақты талантты. Оған өзіміз де өзгелер де сан мәрте көз жеткізген. Ақтоғай өнерпаздары ән салып, режиссер де, сценарист те, актер де болып, тіптен сахна құрып, қара жұмыстарды да атқара береді. Не істесе де, нені қолға аласа да абырой биігінен көріне біледі. Ол – өнер киесі қонған Ақтоғайдың қасиетті топырағынан болса керек.

Иә, Талғат пен Аяулым секілді жас талантты өнерпаздары бар да Ақтоғай театрының абыройы еш аласармайды! Біз кешегі театр қойылымынан осындай ой түйдік.

басқа жаңалықтар